1 қыркүйек күні! Сапалы білім беру-заман талабы

Сапалы білім беру-заман талабы

Әлеуметтік саясат, соның ішінде білім беру сапасы қоғам үшін маңызды мәселе болып табылады.  Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 1 қыркүйек күні шыққан халыққа Жолдауы педагогтар мен ата-аналар қауымы арасында қызу талқыланды. Себебі, Президенттің көтерген мәселелері, соның ішінде – жалпы білім сапасы, балалардың дарындылығын арттыру, кәсіптік білім беру – педагог қызметкерлерінің ғана емес әр отбасының мүддесіне  қатысты сұрақтар.

Президенттің айтуы бойынша, мектептегі дарынды балаларға жан-жақты қолдау көрсету қажет.  Бұл мәселе №24 мектеп – гимназиясының алға қойған мақсатымен ұштасады. Айталық, біздің ұжым педагогтары балалардың  дарындылығын анықтау және оны одан әрі дамытуға ерекше көңіл бөледі. Атап айтсақ, мектепте факультативтік оқу курстары әзірленіп, математикаға ерекше қабілеті бар балаларды дамыту мақсатында ауқымды жұмыстар жүргізуде. Мысалы математикаға қабілетті балаларға арнап «Математикалық олимпиада», «Тапқырлық баспалдағы», «Логика әлемі» дамыту сабақтары жүргізілуде. Осы аталған даму сабақтарының нәтижесін «Бастау» республикалық математикалық турнирінен көруге болады. №24 мектеп-гимназиясы соңғы алты жыл бойы жүлделі орындарды иеленуде. Ал 2020-2021 оқу жылы Бас жүлдені алды.

Бүгінгі күнде республика бойынша қашықтықтан оқыту форматы үшін ақпараттық жүйелердің сапасын арттыру мәселесі өзекті болып отыр. Қазіргі жаһандану заманында  білім саласы білім алушылар үшін қолжетімді және инклюзивті болуы тиіс. Сондықтан Жолдаудағы «Цифрлы ұстаз» білім беру жобасы уақытылы қолға алынған жоба деп ойлаймын.

        Білім беру сапасын қамтамасыз етуде маңызды орын алатын жігерлі әрі білікті мамандардың қажеттілігіне  Қ. Тоқаев баса назар аударған.  Бұл  білім беру жүйесіне біліктілігі жоғары кәсіби маман қажет екенін білдіреді.  Мұғалімдерге арналған білім жетілдіру курстары жиі өтуі керек және курстар тегін болуы керек деген пікірі біздің көптен күтіп жүрген мәселенің шешімі болып отыр. Өйткені  «Білім туралы» заңға сәйкес  мұғалімдер бес жылда бір рет біліктілігін арттыру керек. Дегенмен де білім беру саласындағы жаңғыртулар үнемі білім жетілдіруді қажет етеді. Бұл  мәселені  біліктілік арттыру курстарын толықтай тегін ұйымдастыру арқылы оңтайлы шешуге болар еді. Сондықтан Президенттің Жолдаудағы бұл бастама мұғалімдердің тарапынан оң көзқарасқа ие болды.

      Президент Қ. Тоқаевтің сұранысқа ие барлық мамандық бойынша техникалық және кәсіби білім 100 пайыз тегін берілуі керек деген сөзі ата-аналар мен педагогтар жиі ортаға салып саралайтын сұрақтардың бірі.  Себебі, кәмелет жасқа толмаған балаларға қолдау жасау мақсатында кәсіптік тегін білім алуына жағдай жасалса, келешекте жастарымызды жұмыспен қамту,   жұмыссыздық мәселесіне қатысты сұрақтар оңтайлы шешімін  табар еді.

      Жолдаудағы ауқымды міндеттерді бірлесе отырып атқаратын болсақ, болашаққа аттар қадамымыз нық болады деген сенімдемін.

01.09.2021 ж. «Алғашқы қоңырау» салтанатты жиынынан алынған сұхбат